Пятница, 10.05.2024, 13:19
Приветствую Вас Гость | RSS
Меню сайта
Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 42
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Главная » 2015 » Февраль » 6 » ЖАҚСЫ ӘЙЕЛДІҢ КИЕСІ БОЛАДЫ
09:32
ЖАҚСЫ ӘЙЕЛДІҢ КИЕСІ БОЛАДЫ

ЖАҚСЫ ӘЙЕЛДІҢ КИЕСІ БОЛАДЫ
Әлеуметтік желіден бір әріптесімнің қалдырған жазбасын оқып, ойға шомдым: «Бір отбасында апалы-сіңлілі үш қыз болыпты. Біріншісі – өте жалқау, екіншісі – мейірімі аз, қаталдау, ал үшіншісі – ақылды, сұлу әрі шебер болыпты. Бір күні есіктерінің алдына бейтаныс арба келіп тоқтайды. Қыздар кімнің келгенін көрмек болып, есіктің алдына шыққанда, арбадан жасы егде тартқан, бейтаныс әйел түсіп келе жатады.
– Сен кімсің? – деп қыздар сұрайды.
– Мен Тағдырмын. Сендердің тұрмысқа шығатын уақыттарың жетті, – дейді де, қыздардың арбаға отыруын сұрайды. Жүріп отырып, алдарынан шыққан бірінші ауылға ат басын тірейді. Айналаға зер салып қарағанда, егістік алқабында бір жігіттің дамылсыз еңбектеніп жатқанын көреді. Ол осы ауылдағы қолынан барлық нәрсе келетін шебер, ауыл адамдарының ризашылығын алып жүрген сыйлы жігіт екен.
– Мына жігіт сенің жарың болады, – дейді Тағдыр қыздардың ең үлкеніне. Қыздар әпкелерін сол жерден түсіріп, ары қарай сапарларын жалғастырады.
Арба келесі ауылға тоқтайды. Бұл ауылда ешкімнің қолын қақпайтын, көмек беруден шаршамайтын, өте мейірімді жігіт тұрады екен.
– Ал мына жігіт сенің күйеуің, – деп Тағдыр ортаншы қызға қарайды. Осы арада ортаншы қызды арбадан түсіріп, ары қарай сапарларын жалғастырады.
Үшінші ауылға келгенде, кенже қыз бен бейтаныс әйелдің көлігі шеткі үйге барып тоқтайды. Сол үйдің құдығының жанында маскүнем ұйықтап жатыр екен. Тағдыр қыздың жүзіне қарайды да:
– Осы жігіт сенің күйеуің болады, – дейді.
– Менің жарым осы адам ба? Сонда қалай болғаны? Менің қолымнан бәрі келеді, мейірімді, ақылды, жақсы қызбын, қалайша маған осындай жігітті жар етесің? Ал әпкелеріме жақсы күйеу бердің. Бұдан басқасын таба алмадың ба? – деп күйінген қызға Тағдыр:
– Басқалары бар, табылады да, – деп терең күрсінеді. – Ал мына жігіт сенсіз өзін-өзі жоғалтады! – деп Тағдыр арбасына отырып кете барады…».
Оқыдым да, ойландым. Бойында барлық жақсы қасиеті бар жақсы қыздың Тағдырдың арбасына отырмауына болар ма еді?! Бақытты болуға әбден қақысы бар кенже қыз неге өзгенің өмірі үшін «құрбандыққа» шалынды? Өмірде мұндай сауал көп…
«Махаббат» деп аталатын адамдар арасындағы ұлы сүйіспеншілікті суреттеп өткен Әзілхан Нұршайықовтай жазушының бірде: «Жақсы әйелдің киесі болады…» деп айтқаны бар екен. Ақиқатында, көп жігіттің басына бақ жақсы әйелдің жолығуымен қонады екен. Алайда, шаңырағына сол әйелдің аяғымен кірген берекені аяламай, баланың былдырын бағаламай, төрт құбыласын түгел еткен тынысын сезіне алмай жүргендер қаншама?! Бұл әрине, әйел біткен – асыл, еркек біткен – есер деген сөз емес.
«Ақылды әйел жаман еркекті төрге сүйрейтінін, ақылсыз әйел жақсы еркекті көрге сүйрейтінін» тілімізге сүйел шыққанша айтып жүрген елдің баласымыз. Әттең-ай, талай жақсы жардың қадіріне жетпей, бүкіл ғұмырын жасына жуғызған жігіттерге «шыр» етіп жарық дүние есігін ашқан күнінен бастап әйел баласын қадірлеп өтуді Құрандай үйретер қандай мақал бар екен?
Жалпы, жақсы әйел деген қандай әйел өзі? Оның иесі мен киесі қандай болады?
Айтқандай, менің бір танысым бар-ды. Жақсы жары бар еді. Жақсы әйел деген сондай-ақ болар деп ойлаушы едім. Бұл жігіт еш жерде тұрақты жұмыс істемесе де, тамаға асулы, қонағы күтулі, баласы бағулы, оты жағулы еді. Бойдақ жігіт сықылды бейберекет өмірінде бауырларының басынан сипап, ата-анасының амандығын біліп тұруға да мұршасы болмайтын. Айналасын қоршаған жора-жолдастың өзі әйелінің жылы қабағына байланған жандар еді. «Тойып жеген дәмді асың түске жетпес, күліп берген тамағың естен кетпес» деген тәмсіл бұл үйдің төрінде талай рет айтылған.
Адал алған жарын жиырма жыл бойы жылатып келген сол жігіт тәңірдің берген осынша сыйын маңдайына сыйғыза алмады. Қиналғанда өзіне демеу болған, жұмыссыз жүрген күндерінде медеу болған жарына отбасының бейнетін жалғыз арқалатты. Көңілі қаяу әйелдің жүрегіндегі қасіретті өзінің қорлық сөздерімен, ара-тұра жұдырығымен де қалыңдата берді, қалыңдата берді.
Осылайша бірде мас болып, аш, бірде тоқ болып, өзі жиі үйде жоқ болып жүргенде балалары да жетілді. Өзі жігіт ағасына айналды. Аяулы жары осы жылдарды одан алыстай берген екен. Бір төсекте жатып, жалғыздықтың азабын тартқан әйел бір-ақ күнде оның өмірінен ізім-қайым жоғалды. Соттасқан жоқ, жылаған жоқ. Үйлерінде ұрыс-керіс те болмады. Дүние бөліспеді. Кете барды. 
Сол келіншектің соңынан бұл еркектің бүкіл бағы ере кетті. Араласып жүрген ағайындары да суға сіңгендей, ізім-қайым жоғалды. Жолдастары тәтті тамақтың иісі бұрқырап тұратын үйге келуді біртіндеп сиретті де, ақырында мүлде ғайып болды. Тойға шақырғыш таныстары да сап тиылғандай. Қолтықтасып жүретін келіншегімен қоса ажырасқандай, ата-анасы да айына бір-екі рет келіп ет жеп, немере иіскеп, дудыр-дудыр болатын дәурен бітті.
Даланы аңсап тұратын даңғой жігіттің де сырттағы сауығы таусылды. Ішін ит тырнап жатқандай күй кешеді. Әрнәрсенің басын бір шалып жүріп, ешнәрсені парықтамаған пақырдың жандүниесі әлем-жәлем шығар?! Ай мен күннің аманында қараңғы құдыққа түсіп кеткендей, түнек тағдырының басталғанын түйсінуге түйсігі жетті ме, жетпеді ме, кім білсін?!.
Оған барлық кезде айналасы толған әйел, аттап бассаң қыз-қырқын көшеде қынадай жапырылып тұратындай көрінетін. Соның бәрі бір-ақ күнде сиықсыз сұлбаларға айналып шыға келді. Жанарында жас тұнып тұрса да, бақытты болу үшін, ғажайып өмір үшін арпалысқан аяулысы олардың арасында енді жоқ. Жыла, өкін, өкір, енді бәрібір. Ол енді қайтып оралмайды…
Бар бақыты сол әйелдің киесінде екен-ау…
Ал әйелдің киесін көру үшін сол жігіттің де көкірегінде жебеген иесі болуы керек пе еді?..

Просмотров: 365 | Добавил: rgk | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Вход на сайт
Поиск
Календарь
«  Февраль 2015  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728
Архив записей
Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • База знаний uCoz
  • Copyright MyCorp © 2024Создать бесплатный сайт с uCoz