Дәулет
Өтіп бара жатқан жылдың талай қызық оқиғаларымен есте қалатын түрі бар. Әсіресе, ірі шенеуніктеріміздің пара алуы, ұрлық жасауы, т.б сынды жәйттері. Сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан сол шенеуніктер жайлы «NewTimes.kz» агенттігінің тілшілері шолу жасапты. Көз салуға тұрарлық дүние екен деп, біз де аудармамен назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Бергей Рысқалиев және Ко: 23,6 млрд. теңге
Биыл Атырауда облыстың экс-әкімі Бергей Рысқалиев пен оның сыбайластарының ісіне байланысты алдын ала тыңдау өтіп, онда 22 адамға айып тағылды. Бірақ, олардың арасында ағайынды Бергей мен Аманжан Рысқалиевтер болмай шықты.
Бергей Рысқалиев бандасы коррупциялық және экономикалық қылмыстар жасап, мемлекетке 71 млрд. теңге зиян келтірді деп айыпталуда. Ал, Қаржы полициясы мемлекет қазынасына тек 23,6 млрд. теңге қайтара алды.
Ағайынды Рысқалиевтер болса, елден қашып, кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша олар Лондонда шалқып өмір сүріп жатқанға ұқсайды.
Айта кетейік, «Бергей мен оның компаниясының» ісі бойынша сот тыңдауы да айғай-шумен басталған еді. Себебі, тыңдау басталар тұста айыпталушылардың адвокаттары атыраулық соттарға сенбейтіндіктерін айтып салды.
Ғабдуллатив Мырзақұлов: 272 мың доллар және 75 млн. теңге
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының президенті Ғабдуллатив Мырзақұловтың қаржы қомағайлығы ақыры өзіне опа бермеді. Тамыз айында ол аса ірі көлемде пара алғаны үшін құрықталды. Мырзақұловқа 15 млрд. теңгеге бағаланған «Астана» ұлттық ғарыш орталығының аппараттарын жинау-сынақтан өткізу кешенінің құрылысына «Құлагер» құрылыс компаниясы» ЖШС-ін тықпалады деген айып тағылды.
Алмақшы болған пара көлемі – жақсылап мән беріңіз! – 272 мың доллар және 75 миллион 300 мың теңге.
Саят Шаяхметов: 1,1 млрд. теңге
Үлкен дау-дамайлардың ортасында қалғандардың бірі – еліміздің Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов еді. Мемлекеттің бір миллиард теңгеден астам қаржысын жеп қойды деген күдікпен қараша айында оның үстінен тексеру жүргізілді.
Нақтылап айтар болсақ, Саят Шаяхметовке Өскеменде салынған білім ошағының құрылысы кезінде қызметін асыра пайдаланып, жалпы көлемі 1,1 млрд. теңгені жымқырған деген айып тағылған-ды.
Өзі мамыр айында-ақ ұсталып қойған. Ал, оның басшысы – Бақытжан Жұмағұлов қыркүйек айында отставкаға кетті. Қаржы полициясы болса, Жұмағұловтың өз қоластындағы қызметкерінің қылмысына еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Анар Мешімбаева: 758,2 млн. теңге
Статистика агенттігінің экс-төрайымы Анар Мешімбаева 2013 жылы Отанына өз еркімен «оралды». Әзірге ол айыпталушылар орындығында отыр. Мешімбаеваға мемлекеттің 758,2 млн. теңгесін жеп қойды деген айып тағылды. Айта кетейік, бұл қаражат 2009 жылғы халық санағына қажетті құрал-саймандар бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуді сатып алуға бөлінген болатын.
Мешімбаева болса, өзін кінәлі санамайды. «Келтірілген баптардың ешқайсысымен келіспеймін және өзімді толықтай кінәлімін деп есептемеймін», – деді ол сот барысында. Оны жазып отырғандар Мешімбаеваның сондай байсалдылығына таң қалған. Тіпті, айыпталушының түрі сот тыңдауының алдында ғана сұлулық салонынан шыққандай әсер қалдырған екен.
Асқар Бөлдешев: 145 млн. теңге
Дау-шарлардан Қорғаныс министрлігі де құр қалмады. Әуе қорғаныс күштері Бас қолбасшысының орынбасары қызметін атқарған Асқар Бөлдешев 8,5 жылға бас бостандығынан айрылды. Үлкен қызметтегі кісі әуе-қорғаныс күштері әскерінің зенитті-ракеталық кешендеріне қажетті қосымша жабдықтарды мемлекеттік сатып алу кезінде үлкен көлемде мемлекет қаржысын жымқырыпты. Әрине, қылмыс үшін қызметін асыра пайдаланған. Енді тиісті жазасын өтемек.
Бас әскери прокуратураның ақпараты бойынша, келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 145 млн. теңгеден асып жығылған.
Сот шешімімен шенінен айрылып, енді «бұрынғы генерал-майор» болған Бөлдешевтің де өз кінәсін мойындағысы жоқ. Ал, оның жары баспасөз-мәслихатын өткізіп, онда күйеуінің ісіне қатысты ащы шындықтарды жариялайтын ниетін білдірді.
Мүслім Өміряев: 100 мың доллар
Жуырда ғана пара қылмысына қатысты кезекті айыптау Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өміряевқа бағытталды. Оған да мемлекеттік сатып алу барысында 100 мың доллар «сыйақыға» кенелді деген айып тағылып отыр.
Оның басшысы министр Асылжан Мамытбеков қызметкеріне болысып, мұны арандату болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. «Мен Мүслім Тайырұлы ақша алды, оның үстіне қоқан-лоққымен деген дерекке сеніңкіремеймін. Өйткені, мен оны тәртіпті әрі ұстамды кісі ретінде білемін», – деді министр.
Ал, егер вице-министрдің кінәсі дәлелденетін болса, Мамытбеков отставкаға кетуге уәде етті.
Серік Баймағамбетов: 80 мың доллар
Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы басшысы Серік Баймағамбетов шілде айында темір тордың ар жағына тоғытылды. Ол осы комитетке қарасты бір облыстағы департамент басшылығына тағайындау үшін 80 мың доллар алып, сонымен бірге, «жалпылай қамқорлық» жасап отыр деп айыпталды.
Мұнымен қоса, Баймағамбетовтің оңай олжа қылған бүкіл мүлкі, оның ішінде, 10 млн. теңгесі, Алматы мен Бурабайдағы жер телімдері, Макаров және SIG Sauer тапаншасы, аңшылық қаруы, сондай-ақ, қымбат металдардан жасалған ондаған білезіктер, сағаттар, жеңілгектер, мойын алқалары, баулар мен сырғалары тәркіленді.
Төлеген Бәстенов: 8,7 млн. теңге
Пайдаға деген ашкөздік Павлодар облысы әкімінің кеңесшісіне дейін жетті. 8,7 млн. теңге параны әкім кеңесшісі Павлодардағы мектеп құрылысына байланысты делдалдық қызмет көрсеткені үшін алған. Кеңесшінің бұл келеңсіз ісі облыс әкімі Ерлан Арынның арына тиіп, өз еркімен қызметтен кетуіне себепші болды.
Бақыт Сыздықова: «Нұр Отанға» 15 млн. теңгені қайтармады
ҚР Мәжілісінің экс-әйел депутаты Бақыт Сыздықованың үлкен айғайға қалуы күтпеген жәйт болды. Онымен қоймай, «Нұр Отанның» мүшесі болуға лайық емес боп, қаттардан шықты. Еліміздің «КВН-щиктерінің» қамқоршысы партияға 15 млн. теңгедей қарызы үшін партбилетінен айрылды.
Партияның Астана қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Дәулеткерей Рахметуллин мәлім еткендей, 2008 жылдың соңына қарай партия кассасынан Сыздықова ханым басқаратын «Қазақстанның болашағы үшін» Жастар қозғалысына 7 млн. теңге бөлінген. Бірақ, қарыз қайтарылмаған. Сөйтіп, 2009 жылдың 1-қаңтарынан бастап өсімпұл жүре бастап, оның көлемі 15 млн.-ға дейін жеткен.
Бақыт Сыздықова бұл жәйтқа дереу үн қатты. «Менің «Нұр Отаным» мен партия белсенділері – екеуі екі түрлі нәрсе! Қазір мен жауабымды дайындап жатырмын, сосын шындықтың мен жағында екенін дәлелдеймін!», – деп жазды Twitter-дегі парақшасына. Осыдан соң Сыздықова Мемлекет басшысына хат жолдады. Оның айтуынша, «Нұр Отанның» ақшасы толығымен қазақстандық көңілділер мен тапқырлар клубын құруға жұмсалыпты. Дегенмен, ол ақшаны Сыздықова қайтаруға уәде берді.
newtimes.kz
(орысшадан еркін аударылды)
|